Жарық өшірілмеді: Павлодарлық энергетиктер заманауи әдіспен желілерді жөндеді
Бұрын-соңды мұндай тәсіл қолданылмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар электржелісін тарату компаниясының электр монтерлер бригадасы Қазақстанда алғаш рет электр желісіндегі жұмыстарды кернеуді ажыратпай жүргізді. Жаңа жоғары технологиялық әдіс тұтынушыларды электрмен үздіксіз жабдықтай отырып, қажетті жұмыстарды жүргізу мүмкіндігін береді.
Павлодар ауданының Мичурин ауылында 0,4 киловольт электр желісі тіректеріндегі оқшаулағыштарды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Бұрын мұндай көлемді жұмыстар үшін электр энергиясын кем дегенде төрт сағатқа ажырату қажет ететін.
Қолданыстағы жабдықта жұмыс істеудің заманауи әдісін енгізу үшін Павлодар электржелісін тарату компаниясының қызметкерлері Қазан қаласында оқытудан өтті. Павлодар энергетиктері емтихан тапсырып, Татарстан Республикасының энергетиктерімен бірге тағылымдамадан өтті, кернеуді ажыратпай 1000 вольтке дейінгі электр желілеріндегі жұмысқа рұқсатнама сертификаттарын алды. Бүгінгі таңда компанияда 0,4 киловольт кернеулі жұмыс технологиясын меңгерген электр монтерлердің дайындалған екі бригадасы бар.
Энергетиктер электр беру желілеріндегі кернеулі жұмыстарды орындауды 10 киловольтқа дейін кеңейтуді жоспарлап отыр, бұл кернеуі ажыратылатын тұтынушылар санын едәуір қысқартады.
Мамандар жұмыстың бұл түрі – жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізудің кезекті тәсілі ғана емес, Қазақстан энергетикасы дамуының жаңа кезеңі екенін атап өтті. Кернеулі жұмыстарды жүргізу технологиялары үнемі жетілдірілуде, бұл технологияларды қолдану Павлодар энергетиктеріне кернеулі жұмыстарды бұрыннан орындап келетін Қытай, Ресей, Жапония, Канада және басқа елдердің энергетиктерімен қатар тұру мүмкіндігін берді.