«Ауыл – ел бесігі»: Ақтоғай ауданының мәдениет үйінде күрделі жөндеу аяқталуда

«Ауыл – ел бесігі»: Ақтоғай ауданының мәдениет үйінде күрделі жөндеу аяқталуда
Фото: Есенжол Исабек

Облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтоғай ауданында биыл жиырма тоғыз жоба жүзеге асырылуда. Қазір Мүткенов, Әуелбек және Жалаулы ауылдарында жеті су құбыры, екі спорт кешені, үш медициналық орталық салу жұмыстары жалғасуда. Аймақ басшысы аудан әкіміне барлық жобаларды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Асайын Байханов ауданды одан әрі дамыту жоспарына қатысты Ақтоғай, Қожамжар, Приреченск, Қайран және Қараой ауылдарын сумен жабдықтау сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретін Беловод топтық су құбырынан жаңа тармақ тарту қарастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысы аудан әкіміне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жолболды, Мүткенов, Жалаулы, Барлыбай, Жоламан және Өтес ауылдарын абаттандыру үшін қажетті құжаттаманы дайындауды тапсырды.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы бірнеше жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстарды тексерді. Әуелбек ауылында мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Мердігер қыркүйек айының соңына дейін әрлеу жұмыстарын аяқтап, аумағын абаттандыруды жоспарлап отыр.

Жаңатап ауылында келесі айдың ортасына дейін су құбырының құрылысы аяқталады. Барлық негізгі жұмыстар орындалды, мердігер қажетті жабдықты күтуде, оны орнатқаннан кейін су іске қосылады. 

 Облыс әкімі мұндай кездесулер өңірді одан әрі дамыту үшін өте маңызды екенін және тұрғындардың ұсыныстары қойылған міндеттерді шешуде септігін тигізетінін атап өтті.