Автобус жоқ: Павлодарда бірқатар шенеуніктер сөгіс алды
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Павлодар ауылында оқушыларды тасымалдайтын автобусқа қатысты мәселе көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов оқу жылы басталысымен тұрғындар тарапынан түрлі шағымдар саны артқанын атап өтті.
– Павлодар ауылында балаларды тасымалдайтын автобуста орын тапшылығы анықталды. Қала билігі бұған қатысты ешбір мәселе жоқ екенін айтады. Бұл жерде мәселені елемеу, жасыру фактілері бар екені байқалады. Мұндай жағдайға жол берілмейді. Кем дегенде төрт лауазымды тұлғаның бірі балаларды тасымалдау үшін автобус керек екені туралы хабарлау керек еді. Мен бұл туралы 5 қыркүйекте ғана біліп отырмын. 6500-ден астам адам тұратын үлкен ауыл. Ешкім бұл туралы тіс жармады. Неліктен бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп жатыр? Бүгін біз автобусты қайдан аламыз? – деді облыс әкімі.
Асайын Байханов облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға ауыл әкімі және қала басшылығымен бірге бүгін ауылдағы ата-аналармен кездесіп, мәселенің шешімін табуды тапсырды.
– Автобус атып алу үшін бұл мәселені көктемде көтеру керек еді. Бұл облыстық немесе қалалық бюджетте қаражат жоқ деген сөз емес, басты мәселе уақыттың өтіп кеткендігінде, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі оқушыларды тасымалдайтын автобус мәселесін дер кезінде шешпегені үшін қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Светлана Гладышева мен білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралинге, Павлодар ауылының әкімі Сырым Рушановқа сөгіс жариялап, облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға ескерту берілді.