Автобустағы тәртіп: Павлодарлық бақылаушы көлік саласындағы назымен бөлісті

Автобустағы тәртіп: Павлодарлық бақылаушы көлік саласындағы назымен бөлісті
Фото: автор

Жолаушылардың 15 пайызы автобусқа ақшасын төлемей мінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Тәртіп – қоғамның дамуы мен тыныштығының негізі. Егер тәртіп сақталмаса, ешқандай жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Қоғамдық көліктегі бақылаушының қызметі де осы тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. 

Жібек Семёнова – «Таксомотор» көлік фирмасының аға бақылаушысы Бұл салада ол екі жылға жуық қызмет атқарып келеді. Бұған дейін ол «Смарт» компаниясында жұмыс істеген.  

– Бұл жұмыс маған қолайлы. Себебі мен адамдармен тез тіл табысамын, сабырлымын. Сол себепті өзімді осы ортада еркін сезінемін, – дейді Жібек Семёнова.

Оның айтуынша, бақылаушы міндетті түрде қысқа мерзімді тағылымдамадан өтеді. Алғашқы күндері тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеп, кейін өз бетінше автобустарды тексереді. Әрбір бақылаушының кеуде тұсында бейнекамера ілінеді. Бұл қауіпсіздік шарасы ғана емес, сонымен бірге даулы жағдайларды шешудің де кепілі.

– Біз автобусқа кіргенде камераны қосамыз. Ол біз жүрген барлық сәтті жазып отырады. Әр үш күн сайын жазбалар тексеріліп, тазаланады. Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды, – дейді сұхбаттасушы.

Жібек Семёнованың айтуынша, әрқайсының жеке мөрі, есепке алу дәптері бар. Кешке қарай барлық есептер жиналып, орталық офиске өткізіледі.

Ол электронды билет жүйесінің артықшылығын жоққа шығармайды, алайда кондукторларды алып тастаудың дұрыс болмағанын айтады.

– Бұрын автобуста кондуктор болған кезде жолаушылар заңға бағынған. Қазір бақылаушылар тексергенде ғана төлейтіндер көп. Шамамен жолаушылардың 15 пайызы ақысын төлеймей автобусқа отырып жүре береді.  Бұл дұрыс емес. Әркім біздің еңбегімізді, жүргізушілердің еңбегін бағалауы керек. Өйткені жиналған қаражаттың бәрі біздің айлығымызға, автобустардың жағдайына жұмсалады, – дейді ол.

Бақылаушының айтуынша, көбінесе оқушылар әрдайым тегін билеттерді сұрайды екен. Олар тегін карта ашып сонымен онлайн форматта төлесе, жүргізуші адамдарға едәуір оңай болады дейді. Сондықтан олар ата-аналардан тегін карта алып беруін өтініп сұрайды. 

– Бақылаушының жұмысы – жеңіл емес. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында да жұмыс істеуге тура келеді. Бұл жұмыс мені сабырлы болуға үйретті. Әр адамның мінезін түсінуге, жағдайды дұрыс бағалауға көмектесті. Кейде жай ғана жымиып қойсаң, жолаушының да көңілі көтеріледі. Сол сәттер мен үшін ең қымбат, – дейді ол.

Жұмыс барысында алғыс айтқан жандар да аз емес. Әсіресе қарт адамдар мен балалардың жылы сөздері бақылаушыға ерекше қуаныш сыйлайды.

– Маған қозғалыс ұнайды, адамдармен араласқанды жақсы көремін. Кабинетте отырып жұмыс істеу – менікі емес. Бұл мамандық менің өміріме сай, – дейді ол.

Айта кетейік Жібек көпбалалы ана. Оның бес баласы бар: екеуі студент, екеуі мектеп оқушысы, біреуі балабақшаға барады. Үлкен отбасы болғанына қарамастан, ол үй шаруасын да, қызметін де қатар алып жүр.

– Таңертең балаларды мектеп пен балабақшаға шығарып саламын. Үй шаруасы, тамақ дайындау, балаларға көмектесу бәріне уақыт табуға тырысамын. Жұмысым да, отбасым да маған күш-қуат береді, – дейді ол.

Жібек Семёнова үшін бақылаушы мамандығы – жай ғана қызмет емес, адамдарға адалдық пен тәртіпті насихаттайтын жол. Ол бұл жұмысты жүрек қалауымен атқарып жүр және қарапайым еңбектің де қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.