Автобуста сыра ішкен: Павлодарлық полицейлер әлеуметтік эксперимент жүргізді
Бұл азамттардың қоғамдық көлікте жасалатын құқықбұзушылықтарды болдырамау мақсатында өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Тасымалдаушы» ЖПШ аясында қала автобустарының бірінде әлеуметтік эксперимент өткізілді. «Көмектесіңіз, автобуста мас жолаушы бар» деген хабарлама полицияға түсті. Ашулы әйел қоғамдық көлік қозғалысының бағытын хабарлады. Келесі аялдамада полицейлер «мас» жолаушыны күтіп алды.
– Мас адамның әрекетін келтірген тұрғын қоғамдық көлікке кірді. Шарт бойынша ер адам автобуста «сыра» ішкен. Әлеуметтік эксперименттің қорытындысы бойынша тек кондуктор ғана мас адамға назар аударған. Себебі, оның ескертулері мен қоғамдық тәртіпті сақтау туралы өтініштерін елемеді. Ал қалған жолаушылар актердің «сыраны» қалай ішкенін үнсіз бақылап отырған, – деді Павлодар қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Полицейлер әр жолаушымен профилактикалық әңгіме өткізіп, полицияға осындай құқықбұзушылар туралы хабарлауға шақырды. Тәртіп сақшылар мас жолаушы басқаларды мазалай бастаса және олар өздеріне қауіп төніп тұрғанын сезген жағдайда, жанжалға түспей, дереу полицияға хабарлауды ұсынады.