Ақсу Екібастұзды қайталай ма? Павлодарлық депутат проблема көтерді
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы Ақсу қаласында жылу қазандығын салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр Екібастұз қаласында орын алған апатты жағдай ел есінен кете қойған жоқ. Бүгінде апаттың салдарымен күресіп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі бізді толғандырып отырғаны Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының жылу мәселесі. Атап айтар болсақ, 73 мыңдай халық тұратын шаһар бүгінде Ақсу ферроқортпа зауытының қазандығы арқылы жылытылып келеді. Оның да қазандықтарының тозығы жетіп тұрғандығы жасырын емес. Оған қаланың ескірген ішкі жылу жүйесін қосыңыз. Алда-жалда апат орын ала қалса, Екібастұздың күйіне түсуі мүмкін екендігін ескертеміз», - деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің атына сауал жолдаған депутат.
Оның дерегінше, қалаға жеке қазандық салу жұмысы 2016 жылы қолға алынып, құрылыс жұмысы 2017 жылы басталған. «Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің» тапсырысы бойынша 10 млрд 698 млн теңге бөлінген. Алайда қаржы жекіліксіз деп танылып, осы уақытқа дейін жалпы алғанда 12 млрд-қа жуық қаражат жұмсалған.
«Бірақ, салынып, іске қосылған қазандық жоқ. Қала шетіне бой көтерген нысан мердігерден мердігердің, субмердігердің қолына өткен түсініксіз нысан болып әлі тұр. Енді, ел бюджетінен миллиардтаған қаражат жұмсалған құрылыс үшін кім жауап береді? Бұл арнайы тексерісті, жеке-дара қарауды қажет ететін сауал. Сондықтан ертең қыстың көзі қырауда Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін деген қауіппен дабыл қағып отырмыз. Әрі арнайы шаралар қабылданып, мәселе шұғыл шешімін табуы керек. Ендігі кезекте мәселені түбегейлі шешу үшін министрлік жанынан шұғыл түрде арнайы комиссия құрылуы қажет. Шаһардың жылу жүйесіндегі мәселелер жедел сарапталып, оның түпкілікті шешілу жолы айқындаулы керек деген ойдамыз», - деді Жарқынбек Амантайұлы.