Ақсу тұрғындарынан 25 млн теңге жымқырған алаяқтардың қылмыстық тобы ұсталды
Екі азамат алаяқтықтың алты фактісіне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталдың мәліметінше, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Ақсу қаласының тұрғындарының, оның ішінде Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлерінің түрлі көмек көрсету сылтауымен сеніміне кіріп, үлкен көлемдегі қаражатты иемденген. Қылмыстық топтың құрамында Ақсудың екі тұрғыны болды. Ұстау шараларын Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция ведомствосының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері жүргізді.
– Ұсталған азаматтар алаяқтықтың алты фактісіне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Шығын көлемі 25 миллион теңгеден асады. Сондай-ақ күдіктілердің Павлодар облысының аумағында болған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Ақсу қалалық ПБ УҰИ-ға қамауға алынды, – деді облыстық ПД ҰҚҚКБ бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, ҚР қылмыстық-процессуалдық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.