Ақсуда депутаттар мұз сарайының құрылысымен танысты
Жобаның құны түзетуден кейін бір жарым миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, сайлауалды бағдарламасының жол картасы объектілерінің тұрақты мониторингі жалғасуда.
Болашақ спорт кешенінің аумағындағы жұмыстар 2021 жылдың сәуір айында басталған болатын. Жоба алаңы шамамен 4000 шаршы метрді құрайды. Арена ішінде көрермендерге арналған трибуналары бар жасанды мұз айдынынан басқа душ, жаттығу залы, әкімшілік үй-жайлар, буфет және медициналық кабинет қарастырылған.
Тапсырыс берушілер мен «АСТ Технология» мердігерлік ұйымының өкілдері партиялықтарға түзетуден кейін жобаның құны 1,5 миллиард теңгені құрайтынын айтты. Бүгінгі таңда материалдар мен жұмыс ресурстарына қатысты проблемалар туындамайды, шатыр жұмыстары мен қабырғаларды тұрғызу жүріп жатыр.
Партияның атқарушы хатшысы Айгүл Маликова барлық санаттағы азаматтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігін есепке алу қажеттігіне ерекше назар аударды.
– Қолжетімділік тек пандустарды орнату ғана емес. Объектіде ішкі жұмыстар басталған кезде «Қолжетімді Қазақстан» жобасының өкілдерін зерттеу және түзетулерді алғашқы кезеңнен бастап енгізу үшін шақыру керек. Мұз сарайын тек Ақсу қаласының ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары күтеді, сондықтан оны барлық өтініштер мен стандарттарды ескере отырып салу қажет, – деді Айгүл Маликова.
Партиялықтар осы жылдың сәуір айының басында нысанға қайта баруды жоспарлады.