Железин ауданының тұрғыны «Шекара аруы-2026» байқауының жүлдегері атанды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған республикалық байқау онлайн форматта өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқаудың мақсаты – шекара қызметінің міндеттеріне назар аудару және шалғай шептерде қызмет ететін офицерлердің беделін арттыру. Сайысқа Қазақстанның әр өңірінен 14 нәзік жанды қатысқан. Қатысу үшін байқау шарты бойынша арулар өздері туралы, қызығушылықтары, отбасы және әскери қызметкерлердің отбасындағы күнделікті өмірі жайлы баяндайтын бейнебаян дайындауы қажет болға. Ол байқауды ұйымдастырушылардың Instagram парақшасында жарияланып, оқырмандардың дауыс беру арқылы бағалауына ұсынылады.
Павлодар облысының атынан Железин ауданының тумасы Маржан Чужаева қатысты. Оның күйеуі Ресей-Қазақстан шекарасында қызмет етеді. Маржан педагогикалық жоғары оқу орнын тәмамдап, туған жеріне оралған. Қазіргі таңда ол екі баласын тәрбиелеумен қатар Жаңа Жұлдыз ауылының мектебінде қызмет етеді. Маржан өмір қауіпсіздігі негіздерінен сабақ беріп, сондай-ақ би және спортпен белсенді айналысады.
Маржанның бейнеролигі көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, байқау қорытындысы бойынша ол үшінші жүлделі орынға ие болды.