Ақсуда ERG энергетиктері үшін денсаулық фестивалі ұйымдастырылды

Ақсуда ERG энергетиктері үшін денсаулық фестивалі ұйымдастырылды
Фото: «ЕЭК» АҚ баспасөз қызметі.

Командалық рухты көрсету үшін күннің аязы да кедергі болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпан айының соңғы күнінде Ақсу қаласында ERG бөлімшелері қызметкерлеріне арналған қысқы денсаулық фестивалі өтті. Шараға «Энергетика» дивизионының қызметкерлері – Ақсу электр станциясы, ERG Service ЖШС-нің Павлодар жөндеу басқармасы филиалы, сондай-ақ Қазхром АҚ жылу станциясы (бұрынғы РОК-2) ұжымдары қатысты.

Қақаған аяз бен үскірік жел жарыс тапсырмаларын орындауға кедергі бола қоймады. Шара барысында балаларға арналған көңілді аниматорлармен ойын-сауық бағдарламасы, әсем әуенге толы би кеші мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мерекелік бағдарламаны мазмұнды әрі алуан түрлі ете түсті.

«Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-ның персонал және мәдениет жөніндегі директоры Айдос Адай фестивальдің бүгінде дәстүрге айналып, «еуразиялықтар» арасында асыға күтетін мерекеге ұласқанын айтты.

– Қысқы денсаулық фестивалі – ERG-дің «Энергетика» дивизионында көп жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүр. Ол бүкіл Еуразиялық топ деңгейінде бекітілген. Бұл шара ұжымды бейресми жағдайда біріктіріп, адамдарды таза ауаға шығару мақсатында ұйымдастырылады. Бүгін Ақсу қаласында -25 градус аяз болса да, барлық командалар жиналып, жарысып, көңіл көтеріп, демалуға келді, – деді Айдос Адай.

Биыл фестивальге 120-дан астам қызметкер қатысты. Әрқайсысы 12 адамнан құралған он команда түрлі сайыстарда бақ сынады. Басшылар да өз командаларына қолдау көрсетуге арнайы келсе, өзге қызметкерлер де би билеп, көтеріңкі көңіл күйде уақыт өткізу үшін бас қосты.

Қатысушылармен бірге олардың отбасылары да жиналды. 50-ге жуық балаға аниматорлармен және би бағдарламасымен бөлек ойын-сауық ұйымдастырылды. Баршаға ыстық шай мен дәстүрлі палау ұсынылды.

Қыс мезгілінде дивизион тек фестивальмен шектелмейді. Ақсудың мұз айдынында өнер көрсететін өз хоккей командасы бар. Сонымен қатар, мини-футбол турнирлері мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар жиі өткізіледі. Мұның бәрі ауа райын ескере отырып, спорт залдарында ұйымдастырылады. Айдос Адайдың айтуынша, энергетиктер мұндай шараларға қуана қатысады. Бұл бірлескен жұмыстың нәтижесін де жақсартады, өйткені цехтар мен бөлімшелер ортақ мақсат үшін еңбек етеді.

Мария Капина 2019 жылдан бері «ERG Service» ЖШС Павлодар жөндеу басқармасында қоймашы болып жұмыс істейді. Ол қысқы фестивальге осымен үшінші рет қатысып отыр. Оның айтуынша, мұндай шаралар ұжымды біріктіріп қана қоймай, жұмыс күндерінен тыс уақытта да бірге демалуға мүмкіндік береді.

– Ең қиыны үрлемелі аттағы тапсырма болды. Бірақ жалпы өте көңілді, керемет өтті – маған қатты ұнады! – деді ол күлімсіреп.

Әсіресе үрлемелі «қарындашпен» секіру сайысы есте қалған. Мұнда толық үйлесімділік қажет болды, ал «бір-екі» деген айқайлар «ЭнергоЗаряд» командасының жұмысын үйлестірді. Сырттан бақылаған қолдаушы-әріптестері де қатысушыларға қызыға қарады.

Жеңіл көрінген тапсырмалар шын мәнінде ептілік пен күшті, ең бастысы – ұйымшылдықты талап етті. Себебі барлық сайыста нәтиже әр қатысушыға байланысты болды.

– Ызғарлы аяз бен желге қарамай-ақ қарым-қатынас пен жарыс рухының энергиясы кез келген жылыту орындарынан да артық жылытады, – деді Мария Капина.

Гүлназ Ахметова сегіз жылдан бері «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ химия цехында лаборант болып жұмыс істейді. Ол да қысқы фестивальдерді жібермейді. Биыл оның «Қауіпсіздік формуласы» командасы жаңа сайыстарға қатысып, ерекше әсер алған.

Гүлназ үшін ең қиыны алып «қарындашпен» секіру болса, ең көңілдісі «Командалық баланс» сайысы болды. Онда қатысушылар алып үрлемелі «бөренені» бір-біріне үстінен және аяқ арасымен кезекпен беріп отырды.

Биылғы барлық жарыстар эстафеталық форматта өтті: «Командалық экспресс», «Энергетикалық батут», «Коромысло», «Драйвтағы жұп», «Командалық баланс», «Денсаулыққа қадам». Барлығы көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Фестивальге Гүлназды әкесі мен ұлы Санжар қолдауға келді. Ұлы балалар бағдарламасына ерекше риза болды.

Әлібек Қожахметов «Қазхром» жылу станциясында газшы болып жұмыс істейді. Ол мұндай фестивальдер әріптестермен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретінін айтады. Оның «Кочегарский разгон» командасы оңай жиналған. Ең қиыны – үрлемелі «қарындаштар» сайысы, ал ең қызығы – алып аяқ киіммен, үлкен доппен және бокс қолғаптарымен эстафеталық жарыс болды.

Ал Әлихан Әушаихов, Ақсу электр станциясының автоматика және өлшеу құралдарын жөндеу жөніндегі электр слесары әрі цех кәсіподағы комитетінің мүшесі, фестивальдің формалды шара емес екенін атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша қысқы фестивальде ТТЦ-ның «Көмір ағыны» командасы жеңіске жетті. Екінші орынды ПРУ-дың «ЭнергоЗаряд» командасы, ал үшінші орынды ЦТАИ-дың «КИПТигры» командасы иеленді.

Компанияда кәсіподақ төрағасы Константин Владимирович Сморговичтің жетекшілігімен мазмұнды әлеуметтік бағытталған корпоративтік бағдарлама жүзеге асуда: мини-футбол турнирлері, қысқы балық аулау, Денсаулық күні, Наурыз, Масленица және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Кәсіподақ тарапынан жолдамалар, демалысқа жеңілдіктер, бала туған немесе асырап алған, үйленген жағдайда материалдық көмек көрсетіледі.

Қысқы фестиваль – бүкіл отбасыға арналған мереке. Компания қызметкерлері өздерінің екінші ордасына айналған кәсіпорны – Еуразиялық энергетикалық корпорациясы жасап отырған жағдайларда еңбек етіп, демалуға мүмкіндік алғандарына ризашылық білдіреді.

Серіктестік материал.