Павлодарлық педиатрларға үшінші медбике қосылады
Бұрын учаскелерде екі медбикенің біреуі патронажға жауапты болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова Шідерті кентінде бақилық болған сегіз айлық қыздың өлімін еске түсірді. Оның сөзінше, қыз бала Павлодар қаласының №3 емханасына тіркелген еді. Ал тамызда анасы балаларымен Ақтоғай ауданына барған. Қалалық емхананың медбикесі бұл туралы аудандық ауруханаға телефонограмма арқылы ескертті. Педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бойынша Ақтоғай аудандық ауруханасы нәрестеге патронаж жүргізді.
– Тамыз айының соңында ана балалармен бірге Шідертіге кеткен. Бірақ Ақтоғай ауруханасы оның кеткені туралы хабарламады және отбасын іздемеді. Осылайша, Павлодар қаласының №3 емханасы мен Ақтоғай аудандық ауруханасында балаларға көмек көрсетуді ұйымдастыру бақыланбады, – деді Айзада Құрманова.
Отбасы тамыз айының аяғына қарай Екібастұзда тұрады. Алайда №3 қалалық емханаға тіркелмей, медициналық көмекке жүгінбеді.
– Үйлерді аралау кезінде отбасы табылмаған. Медициналық мекемелер арасында ескерту алгоритмі сақталмады. Павлодар мен Екібастұздың №3 емханаларының басшылығына тәртіптік жаза қолданылды, – деп атап өтті Айзада Құрманова.
Облыс әкімінің орынбасары келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық мекемелер штатына қамқорлыққа жауапты болатын үшінші медбикені енгізуді ұсынды.
– Жалпы облыс бойынша осындай 300-ден астам отбасы бар,–деді Асайын Байханов. – Медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі бойынша шаралар қабылданатын болады. Жауапты мемлекеттік органдардың бір-бірімен неге өзара әрекеттеспейтіні түсініксіз. Барлық жұмысты қайта қарау қажет.
Естеріңізге сала кетейік, 17 қараша күні Екібастұз қаласының Шідерті кентіндегі пәтерлердің бірінен 8 айлық баланың зорлық белгілері жоқ мәйіті табылған болатын. Бұл факт туралы полицияға анасы хабарлады.