Ақсуда жылу беру параметрлері толықтай қалпына келтірілді
Жылумен жабдықтау жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу қаласы әкімдігінің мәліметінше, сағат 14:30-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарын жылумен қамтамасыз ету үшін РОК-2-ден берілетін температура 60/43°С, ал қысым – 4,1/1,0 кгс/см² құрайды.
– Қалаға жылу беру параметрлері толықтай қалпына келтірілді, жылумен жабдықтау жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр,– деді әкімдікте.
Қалалық әкімдіктің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және «Теплосервис-Ақсу» КМК мамандары тұтынушылар алатын параметрлерді тексеру және реттеу үшін көпқабатты тұрғын үйлерді іштен тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, «Казхром» ТҰК» АҚ АФЗ РОК-2 қазандығындағы №5 және №6 желілік сорғылардың бекіту арматурасы істен шығып, салдарынан аталмыш желілік сорғылар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін тоқтатылған болатын. Сондықтан Ақсу қаласының жылумен жабдықтау желілерінде жылу беру параметрлері төмендеді.