Ақсулық тоғызқұмалақшылар Талдықорғанда жүлде алды
Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан сапортшылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, Талдықорған қаласында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен балалар арасында классика, блиц рапид бойынша ҚР жекелей чемпионаты аяқталды. Барлығы 320 спортшы, оның ішінде 108 спорт шеберіне үміткер бақ сынады.
Павлодар қаласы Шахмат үйінің командасымен М. Қабылбеков атындағы 4-сынып оқушысы Арна Қуатова тоғыз жасқа дейінгі қыздар арасында рапид бойынша 1-орынды иеленді. Осылайша Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.
– Ол мектепте тоғызқұмалақпен екі жылдан бері айналысып келеді. Жаттықтырушысы – дене шынықтыру пәні мұғалімі Әлия Дүйсенбаева қосымша Шахмат үйінде сабақ береді. Сондай-ақ Жанат Каймульдин жаттықтырады, – деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек, жарыс нәтижесі бойынша блиц түрі бойынша Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Жасын Авилхан 3-орынды иеленді.