Павлодар қаласында спорт саласының үздіктері марапатталды
Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Жыл спортшысы – 2022» салтанатты марапаттау шарасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалада спорт саласы бойынша өткен жылдың қорытындысы шығарылды. Жетістікке жеткен спортшылар мен бапкерлер марапатқа ие болды.
Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаров павлодарлықтар спорттың әр түріне белсенді қатысатынын атап өтті.
- Павлодардағы спортшылар қалалық, облыстық, республикалық сайыстарда ғана емес, әлемдік жарыстарда да жеңіске жетіп жүр. Бұл үлкен еңбек пен күшті қажет етеді. Осы орайда чемпиондарымызды дайындаған әр бапкерге ерекше алғысымды білдіремін. Халқымыздың болашағы үшін жас буынның спортқа ден қоюы аса маңызды деп есептеймін. Спорт саласында еңбек етіп жүрген спортшыларға, бапкерлерге байрақты бәсекеде жеңіс тілеймін! – деді Арслан Қалияқбаров.
Қорытынды бойынша олимпиадалық спорт түрлері, олимпиадалық емес спорт түрлері, ұлттық спорт түрлері және пара спорт бойынша 115 спортшы мен бапкер үздік атанды.
«Үздік спортшы» атанғандардың қатарында жас боксшы Ерболат Сабыр бар. Ол жуырда Литвада өткен халықаралық жарыста күміс медаль иегері атанды.
- 57 келі салмақта бокстасып жүрмін. Ұлттық құрама сапына ендім. Бұл салмақта елімізде бәсекелестік көп. Алдағы уақытта Алматыда халықаралық турнирге қатысамын. Мүмкін шет елдерде де жарыстар болып қалады. Келесі жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатына шығуды мақсат тұтып отырмын, - деді Ерболат Сабыр.
Ұлттық спорт бойынша тоғызқұмалақтан 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, өткен жылғы ел чемпионатында күміс пен қола медаль иеленген Аружан Абдыханова Павлодарда тоғызқұмалақ жақсы дамығанын айтты.
- Тоғызқұмалақты 5 жасымнан бастап ойнаймын. Қазір 15 жылдай болып қалды. Тоғызқұмалақшы үшін тәртіп пен логика қажет. Павлодарда тоғызқұмалақ жақсы дамыған. Себебі, мектептерде, балабақшаларда үйірмелер бар, спорт мектебінде арнайы дайындайды. Бұл басқа қалаларға қарағанда жақсы деп саналады, - деді Аружан Абдыханова.
Сондай-ақ шара барысында спортшылардың жетістігін елге кеңінен насихаттап жүрген БАҚ өкілдері де марапатталды. Олардың қатарында Pavlodarnews.kz АА редакторы Ольга Бугаева мен тілшілері Айбек Жұматов, Оразбек Саяхат, Сания Уваисова бар.
Айта кетейік, Павлодар қаласында кеңінен таралған олимпиадалық спорт түрі – еркін күрес. Шаһарда еркін күрестен 36 секция бар. Одан бөлек, аударыспақ спорты қарқынды дамып келеді. Бүгінде аударыспақ үйірмелеріне 120-ға жуық адам қатысуда. Спортшылар аударыспақтан ұлтты құрама сапына еніп, өнер көрсетуде.
Сонымен қатар, өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мақсатында қалаға қарасты Мойылды ауылында «Тұлпар» жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Қазіргі уақытта онда спорттың 8 түрінен келушілер жаттығады.
Оған қоса, өткен жылы «Спорт сити» қалашығында мұз аренасы салынды. Бұнда хокейден балалар мен жасөспірімдер жаттығады
Фото: Ольга Бугаева