Павлодарда қоян-қолтық ұрыстан мықтылар сынға түсті
Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы ARLAN спорт кешенінде Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан іріктеу жарысы өтті. Жарысты Павлодар облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Жандос Орымбаев ашып, өз сөзінде қызметкерлердің спорттық рухын және жоғары дене дайындығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Жарысқа облыстың барлық аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерінен құралған жеті команда қатысты. Залда қоян-қолтық ұрысқа тән шынайы тартыс пен қызу бәсеке өрбіді. Бірнеше сағат бойы көрермендер татамидегі тартысты әрі әсерлі жекпе-жектерді тамашалап, қатысушыларға қолдау көрсетті. Барлық қатысушылар жоғары шеберліктерін, төзімділіктерін және жеңіске деген зор жігерлерін көрсетті. Жекпе-жектерді білікті төрешілер бағалады.
Жарыс қорытындысы бойынша өз салмақ дәрежелерінде бірінші орынға Игорь Белоус, Әлібек Үлкенбаев, Әділхан Өміртай, Нығмет Рахимбаев, Ринат Махмутов, Сұлтан Какенов және Талап Сағындықовтар ие болды.
- Қоян-қолтық ұрыс – полиция қызметкерлерін кәсіби даярлауға бағытталған спорттың ерекше түрі. Қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру әрдайым мәртебелі әрі құрметті саналған. Бұл қызмет барысында көмектеседі, тәртіпке үйретеді және күш, ептілік, төзімділік сияқты қасиеттерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Қоян-қолтық ұрыстың тиімді әрі алуан түрлі тәсілдері күтпеген жағдайларда бізге қажет болуы мүмкін, – дейді жарыс жеңімпазы Талап Сағындықов.
Барлық жеңімпаздар қазан айында Павлодар қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатына жолдама алды. Әрі барлық жүлдегерлер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.