Павлодарлықтарға ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтып береді
«Отбасы – тәрбие іргетасы» фестивалі отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» және «Салауатты сана» жобалары аясында облыстық Аналар кеңесі және «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өтеді.
– Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Салт-дәстүр атадан қалған мұра. Әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлермен таныстыру және тәрбиелік маңызын түсіндіру, – дейді ұйымдастырушылар.
«Отбасы – тәрбие іргетасы» қазақ ұлттық салт-дәстүрлері фестиваліне қала мектептерінің оқушылары, олардың ата-аналары және мұғалімдері қатысады. Іс-шара облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен 25, 26, 27 қыркүйек күндері сағат 15:00-де Достық үйінің акт залында өтеді.