Павлодарда тәртіп сақшысы суға батқан екі баланы құтқарды
Полиция қызметкері еңбек демалысында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция майоры Ердәулет Мәкімов 1 тамызда отбасымен Жамбыл ауылына демалуға барған. Ол суға батып жатқан екі баланың айқайын естіп, бірден көмекке жүгірген.
– Ойланбастан өзенге жүгіріп барып, бір баланы шығарып алдым. Содан кейін қайтадан суға жүгірдім, өйткені екінші баланы судың ағысы алып кетті. Оған қарай жүзіп барып, жағаға қарай сүйрей бастадым. Жағаға дейін 6-7 метр қалса да, бұл қашықтық маған ұзақ болып көрінді, – дейді Ердәулет Мәкімов.
Тәртіп сақшысы қатты ағымнан екі баланы жағалауға жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазір балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Полицей ұлдардың туыстарына қонаққа келгенін және ересектерге ескертпестен өзенге жалғыз келгенін анықтады.
– 1 тамыз менің ұлдарымның екінші туған күні болды. Біздің отбасымыз үшін Ердәулеттің әрекеті баға жетпес. Осындай ұлды тәрбиелеген ата - аналарға үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді құтқарылған балалардың анасы Ақмарал Ерімбетова.
Айта кету керек, Ердәулет полицияда 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жұбайымен бірге үш ұл тәрбиелеп отыр.