Ақтоғайда Жеңіс күніне орай автошеру өтті

Ақтоғайда Жеңіс күніне орай автошеру өтті
Фото: Ақтоғай ауданы ІСБ

Дәстүрлі шара «Ескерткіштен ескерткішке дейін» деген атаумен ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақтоғай аудандық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, автошерудің мақсаты - Ұлы Отан соғысы жылдары майданда көрсеткен отандастарымыздың ерлігі мен батылдығын насихаттау әрі өскелең ұрпақтың бойындағы еліне-жеріне деген сүйіспеншілікті арттырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

- Автошеруге еңбек ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, Ауған соғысының ардагерлері мен жастар қатысты. Дәстүрлі шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, ауданның 14 ауылына барды, - делінген хабарламада. 

Әр ауылда қонақтарды еңбек ардагерлері мен ауыл тұрғындары, сондай-ақ мектеп оқушылары қарсы алды. Олар өз кезегінде өлең оқып, патриоттық әндер орындады.