Аққулы ауданының ауруханасы күрделі жөндеуден өтеді

Аққулы ауданының ауруханасы күрделі жөндеуден өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыстар келесі жылға көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Тілектес ауылының клубында өткен Аққулы ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуде мәлім етті. 

– Келесі жылы аудандық аурухананың су құбыры, кәріз, жылу және желдету желілері күрделі жөндеуден өтеді.  2023 жылдың басында аудандық ауруханаға өзім барып келген болатынмын. Әрине, жобалау процесі мен жалпы құжаттамаларды дайындау және де сараптамадан өту біраз уақытты талап етті. Сондықтан бұл құжаттар тек қана осы жылы дайын болғандықтан, оған қаражатты келесі жылға бөлдік, – деді аймақ басшысы. 

Оның сөзінше, облыстық бюджеттік комиссия қолдап, мәслихат сессиясы өткеннен кейін қаржыландыру мәселесі толықтай шешілді.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Қазы, Қазантай, Тақыр ауылдарындағы медициналық нысандардың күрделі жөндеуі аяқталады. 

Еске сала кетейік, келесі аптада Тілектес ауылындағы жаңа медициналық нысан ашылады деп жоспарланған.