Павлодар облысында 700 келіден астам есірткі жойылды
Оның 600 келіге жуығы – апиын көкнәр тұқымы, 106 келіден астамы – каннабис тектес есірткі заттары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарын жою бойынша іс-шара өткізді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандандырылған кәсіпорын аумағында полицейлер 700 келіден астам есірткі заттарын, оның ішінде көкнәр сабанының қоспасы бар 600 килограмға жуық апиын көкнәр тұқымын және 106 килограмнан астам каннабис тектес есірткі заттарын өртеп жіберді.
– Жедел іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында барлық есірткі құралдары тәркіленді және қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылады. Түрлі сатыдағы соттар айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес өңірде есірткі трафигін ұйымдастырған адамдар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлады департаментте.
Ағымдағы жылы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері 194 есірткі құқық бұзушылықтың жолын кесті, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар 49 адам ұсталды, заңсыз айналымнан 420 келіден астам түрлі тыйым салынған заттар тәркіленді.