Бірқатар тұрғын «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атанды
Бұл атаққа 30-ға жуық азамат ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
VIII сайланған мәслихаттың кезекті сессиясында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын алуға ағымдағы жылы 30 өтінім келіп түскенін мәлім етті.
– Оның ішінде сегіз сала өкілдері бар. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, ұлттық қауіпсіздік, өнеркәсіп, құрылыс, мәдениет салалары, – дейді Әзілхан Әбеуов.
Дәлірек айтқанда, денсаулық сақтау саласынан – екі адам, білім беру саласынан – жеті адам, құқық қорғау саласынан - үш адам, ауыл шаруашылығы саласынан – бес адам, ұлттық қауіпсіздік органдарынан – бір адам, өнеркәсіп саласынан – бес адам, құрылыс саласынан – екі адам, мәдениет саласынан – үш адам, еңбек ардагері, қоғам белсенділерінен – екі адам.
Ең көп ұсыныс Павлодар қаласынан – 16 адам, Ақсу қаласынан – төрт адам, Баянауыл ауданынан – екі адам, Ертіс ауданынан – бір адам, Екібастұз қаласынан – бір адам, Успен ауданынан – екі адам, Тереңкөл ауданынан – екі адам, Шарбақты ауданынан екі адам бойынша ұсыныс түскен.
Айта кетерлігі, 2023 жылдың 22 қыркүйегінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың төрағалық етуімен «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселелерін қарау бойынша комиссия отырысы өткен. Отырыс барысында комиссия мүшелері «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағына үміткерлердің жалпы санынан жеті үміткерге дауыс берді.
Жиын барысында «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын беруге келесі үміткерлер ұсынылды:
Демесінов Махмұт Демесінұлы – білім беру саласының ардагері. Бүгінде жасы 90-да. 1965 жылы «Ленин жолы» кеңшарында партия қызметкері болып қызмет етті. Білім беру саласындағы жалпы еңбек өтілі 40 жылды құрайды. Өңіріміздің қоғамдық өміріне белсенді түрде атсалысуда.
Раздорская Зинаида Николаевна, 82 жаста – денсаулық сақтау саласының ардагері. Жалпы жұмыс өтілі – 53 жыл. 50 жылдан астам уақыт бойы Ертіс аудандық ауруханасының жоғары санаттағы дәрігер хирургы болып қызмет етті. «За освоение целинных земель» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрмет атағымен, «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» медальдармен марапатталған. Зинаида Раздорскаяның білікті қолдауымен 7000-нан астам медициналық ота жасалған. Ертіс ауданының Қоғамдық кеңесінің қолдаухатымен ұсынылды.
Сыздықов Балтабай Сәкенұлы 78 жаста. Мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Бата беру – 2019 жыл» респубикалық конкурсының жеңімпазы, 2023 жылы осы конкурста 2-орынды иеленді. Жұмыс өтілі – 29 жыл. Еңбек ардагері, күйші, «Ғұмыр-Дария» және «Батадан асқан сөз болмас» жинақтарының авторы. Балтабай Сәкенұлының кандидатурасы Баянауыл ауданының ішкі саясат бөлімінің қолдаухатымен ұсынылды.
Сқақов Боранбай Қайырбекұлы 75 жаста. Отставкадағы әділет полковнигі. ІІМ Құрметті ардагері, «Милиция үздігі», Әділет министрлігінің «Фемидаға адал қызмет еткені үшін» құрмет белгісімен марапатталған. Жалпы жұмыс өтілі – 39 жыл, осы саладағы жұмыс өтілі – 37 жыл. Қазіргі күні аймақтың қоғамдық өміріне белсенді түрде атсалысады. Боранбай Қайырбекұлының кандидатурасы ҚР Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық гвардияның Ардагерлер Кеңесінің қолдаухатымен ұсынылды.
Қабдулов Орынжан Қабдұлұлы 76 жаста. Аталмыш саладағы жұмыс өтілі – 53 жыл. 2015-2020 жылдар аралығында «Майқайың алтын» АҚ кәсіпорнының жұмысына бақылау жасады. Қазіргі күні «Майқайың алтын» АҚ директорлар кеңесі төрағасының және бас директордың кеңесшісі болып табылады. Орынжан Қабдұлұлының кандидатурасы «Майқайың алтын» АҚ қолдаухатымен ұсынылды, қолдау білдірген 400-ден астам қол жиналды.
Дүйсекенов Ерғанат Жұмашұлы 72 жаста. Құқық қорғау органдарының ардагері. Жұмыс өтілі – 27 жыл. 1984 жылы Екібастұз ҚІІБ МАИ бөлімі басшысы болып тағайындалды. 2002 жылдың қараша айында Павлодар қаласы ҚР ІІМ училищесінде басшы қызметін атқарды. Ішкі істер органдарында қызмет ету уақыты ішінде өзін білікті, белсенді, мықты ұйымдастырушы қабілеттері бар талап қойғыш басшы ретінде оң жағынан көрсете білді. Ерғанат Жұмашұлының кандидатурасы Павлодар облысының ішкі істер департаментінің қолдаухатымен ұсынылды.
Иманғазинов Сағит Баймұханұлы 70 жаста. Денсаулық сақтау саласының ардагері, хирург дәрігердің мерзімсіз жоғары санаты берілген. Жұмыс өтілі – 44 жыл. Павлодар облысындағы отбасылық медицина, дәрігерді еркін таңдау және денсаулық сақтау саласын басқаруды қаржыландыру негізінде денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың нұсқауларын енгізудің ұйымдастырушысы болып табылады. Сағит Баймұханұлының кандидатурасы Семей медициналық университетінің Павлодарлық филиалымен ұсынылды.
Аталған «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағына ұсынылған үміткерлерді сесияға қатысушылар бір ауыздан қолдап, дауыс берді.