«Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасында жаңа маусымын бастайды
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Команда бірінші ойынында бүгін, 2 қыркүйекте елордада Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен шеберлік байқасады.
Кездесу елорда уақытымен 17.00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 58 мәрте кездесті. Оның 20-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетті.
Одан кейін 4 қыркүйекте ресейлік тағы бір команда «Сибирь» командасын қабылдайды.
Ал 7 қыркүйекте Новосібірде «Сибирьмен» тағы бір мәрте кездессе, 9, 11 қыркүйекте сырт алаңда ресейлік «Авангард» (Омбы), «Динамо» (Мәскеу) клубтарымен шеберлік байқасады.
«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңіндегі соңғы ойынын 2024 жылдың 26 ақпанында елордада «Сибирьмен» өткізеді.
«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасына дайындық барысында екі турнирге қатысты.
Алдымен Татарстан астанасы Қазанда 10-14 тамыз күндері болған TANECO Кубогында төртінші орынды місе тұтты.
Ал «Барыс» Ресейдің Омбы қаласында өткен Блинов турнирінде жеңімпаз атанды.