Павлодарлық аға офицер дезинсекция салдарының қауіптілігі туралы ескертті
Елімізде әртүрлі дезинсекциялық құралдарды қолданудан улану фактілері жиілеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Қазбек Рымбеков мәлім етті.
– Соңғы уақытта тұрғындардың күнделікті өмірде қолдануға арналмаған әртүрлі дезинсекциялық құралдарды қолдануы және соған байланысты улану мен өлім жағдайлары жиілеп кетті. Алайда өңірімізде әзірге мұндай жағдай тіркелмеген. Мәселен, Маңғыстау облысында осы іс-шаралар барысында жеті адам қаза тапқан, оның екеуі – бала, – дейді Қазбек Рымбеков.
Спикердің айтуынша, ҚР «Санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 20 ақпандағы №6-МД қаулысына сәйкес дезинсекция, дератизация қауіптіліктің 1, 2, 3-класстарын сатуға жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін тыйым салынды. Төтенше жағдайлар қызметі мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері аталмыш іс-шара барысында адамдар зардап шекпес үшін бақылау, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Дезинсекция – адамды, жануарларды, үй-жайлар мен аумақты зиянкестерден қорғау мақсатында қолданылатын іс шара. Департамент 2014 жылға дейін тазарту жұмыстарына лицензия беруді жүзеге асыра алатын. Бірақ Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 сәуірдегі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының күшіне енуіне байланысты бұл қызмет түрі алынып тасталды, – дейді Қазбек Рымбеков.
Басқарманың аға офицері бұл қызмет алдағы 2024 жылы департаментке қайта оралмақ екенін атап өтті.