Баянауыл ауданында жолдар мен әлеуметтік нысандар жаңартылып жатыр
Ауылдарда жол жөндеу, жарықтандыру, білім беру нысандарын жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында елді мекендердегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, биыл бірнеше елді мекенде ауылішілік жолдар жаңартылуда. Шонай ауылындағы жолдар толық асфальтталды. Баянауыл ауылында шағын ауданның 2,3 шақырым жолына асфальт төселді. Қазір аудан орталығындағы Сәтбаев көшесінің шамамен үш шақырымдық бөлігінде жұмыстар жүріп жатыр. Оны қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар аудандық маңызы бар жолдың 25 шақырымын жөндеу қолға алынды. Бүгінде шамамен алты шақырымына асфальт төселген. Екі жылға есептелген жобаны 2027 жылы толық аяқтау көзделіп отыр.
Елді мекендерді жарықтандыру жұмыстары да жалғасуда. Жүсіпбек Аймауытов ауылында 4,9 шақырым, Үшқұлында екі шақырым көше жарығы салынды. Жаңатілек пен Ақсаң ауылдарында балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді. Үшқұлын ауылындағы мектептің күрделі жөндеуі аяқталды. Аудан әкімінің айтуынша, нысанды жаңарту жөніндегі тапсырманы облыс әкімі бұған дейінгі жұмыс сапары кезінде берген. Кейін жоба әзірленіп, биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Білім беру нысандарының жылу жүйесі де жаңартылды. Үш мектептегі қазандықтар ғимараттан шығарылып, олардың орнына жеке блок-модульдік қазандықтар орнатылды. Жабдықтар сынақтан өткізіліп, жылыту маусымына дайындалды. Бұдан бөлек, төрт мектепте сегіз қазандық жаңасына ауыстырылды. Аудан басшылығының мәліметінше, бұл білім беру нысандары жылыту маусымына толық дайын. Жаңа жылу жүйелері коммуналдық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Аудан әкімінің есебінше, нысандардың біріндегі жылдық шығын шамамен 50 миллион теңгеден 25 миллион теңгеге дейін төмендеуі мүмкін.
Майқайың кентінде аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл 11 ауланы жаңарту қолға алынған. Астана көшесіндегі 33, 39, 41 және Христенко көшесіндегі 25, 27 үйлердің аулаларында негізгі жұмыстар аяқталды. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.
Аудандағы жол, жарықтандыру, білім беру және абаттандыру жобаларының басым бөлігін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал 25 шақырымдық аудандық жолды жөндеу 2027 жылы толық аяқталмақ.