Баянауыл ауданының Мәшһүр Жүсіп ауылында ойын алаңы ашылды
Сонымен қатар, балаларға арналған заманауи сапалы құрал-жабдықтар орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Ойын алаңы облыстық бюджеттен салынды. Жобаның құны – 13 миллион 266 мың 534 теңге. Павлодарлық мердігер «СКЭР» ЖШС зақымданудан сақтайтын тігіссіз резеңке қиқымдарынан тұратын тартан төседі, жарық шамдарын орнатты, – дейді Жаңажол ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжалин.
Мәшһүр Жүсіп ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, зейнеткер ана Шәрипа Әбдіразақова жерлестерін алаңды таза ұстап, көздің қарашығындай сақтауға шақырды.
– Қазақта «берсең, балаға бер», «қуантсаң, баланы қуант» деген нақыл сөздер бар. Қазір балалардың барлығы ұялы телефонға әуес. Үнемі телефоннан кино, мультфильм қараған баланың көзі нашарлап, сабаққа деген зейіні де төмендейтіні белгілі. Осы тұрғыда міне, ауылдық округ әкімінің қолдауымен ауылымыздан ойын алаңы салынды. Балалар біреуі – әткеншекке, екіншісі сырғанаққа мініп мәре-сәре. Оларға қарап біздер де қуанып жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны.
Еске сала кетейік, Баянауыл ауданында Шәкен Аймановтың есімі берілген мектеп-интернатының аумағында қазақ киносының атасының құрметіне ескерткіш бюсті орнатылды.