Баянауыл тұрғындары облыс әкімінен қазылған жолды асфальттап беруді сұрады

Баянауыл тұрғындары облыс әкімінен қазылған жолды асфальттап беруді сұрады
Фото: Константин Шелков

Мәселе үш жылдан бері шешілмей келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің баянауылдықтармен кездесуі барысында Баянауыл аулының тұрғыны Торайғыров көшесіндегі жол мәселесінің бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқанын айтып, өз шағымын жеткізді. 

Оның айтуынша, 2021 жылы көшеге су құбыры тартылған кезде мердігерлік ұйым жолды қазып, сол жерді қайта қалпына келтіруге уәде берген, алайда жұмыстар аяқталғаннан кейін ешқандай жөндеу жүргізілмеген.

– Сол уақыттан бері біз тау үстімен, шетқаламен айналып жүруге мәжбүрміз. Аудан әкімдері бірнеше рет ауысты, әрқайсысына бұл мәселені айттық. Келіп көрді, реттейміз деді, бірақ әлі күнге дейін бірде-бір жұмыс жасалмады, – деді ауыл тұрғыны.

Облыс әкімі Асайын Байханов тұрғын сауалына жауап бере отырып, барлық көшелерді бір жылда асфальттау мүмкін еместігін айтты. Оның айтуынша, Баянауылда асфальтталмаған 20 шағын көше қалған, жалпы ұзындығы – алты шақырым. Бұл көшелерді 2026-2027 жылдары кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланған.

Ал шағым түскен көшені жөндеу үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс. Егер аудан басшылығы құжаттарды 2026 жылға дейін дайындап үлгерсе, облыс бюджетінен келесі жылы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді.

Сонымен бірге аймақ басшысы соңғы үш жылда ауылдардағы негізгі көшелердің басым бөлігі жөнделгенін, енді кезекте Қаратомар, Жосалы, Лекер және Күркелі ауылдары тұрғанын айтты.

Жиында көтерілген екінші мәселе – ауылдың шетінде орналасқан спорт аренасына қатынайтын балалар үшін автобус бөлу. Өңір басшысы мәселе шешілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні әр мектепте автобус бар, ал қай мектепте жоқ – соған көмек көрсетіледі.

Еске сала кетейік, Баянауыл ауданында лимандарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Биыл Мұса Шорман және Мәшһүр Жүсіп ауылдарындағы лимандар толықтай қайта құрудан өткен.