Баянауыл ауданында лимандарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасады

Баянауыл ауданында лимандарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасады
Фото: Константин Шелков

Бұл туралы Асайын Байханов жергілікті тұрғындармен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданында ауыл шаруашылығын дамыту және көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында лимандық су жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 

Әкімнің айтуынша, биыл Мұса Шорман және Мәшһүр Жүсіп ауылдарындағы лимандар толықтай қайта құрудан өткен. Жобаның аяқталуы аймақ үшін екі бағытта маңызды нәтиже берді. Атап айтқанда: біріншіден, малға қажетті жем-шөп базасын арттыруға жағдай жасалды. Екіншіден, бірнеше елді мекенді көктемгі су басу қаупінен қорғау мүмкіндігі пайда болды.

Алдағы жылы осы бағыттағы жұмыс Жаңатілек ауылындағы лиман аумағында жалғасады. Аймақ басшысы бұл жобаны ауыл шаруашылығы мен қауіпсіздік үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті.

Лимандарды қалпына келтірумен қатар, ауданда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жоспарланған. Көкдомбақ ауылында жаңа көпір салынады. Жобаның сапалы орындалуы тікелей бақылауға алынбақ. Сонымен қатар, Бұқар Жырау – Мұса Шорман бағытында жаңа автожол салу жоспарланып отыр. Айта кетейік, Лекер ауылы мен Май ауданының Ақшиман ауылын байланыстыратын жол құрылысы да құжаттандыру кезеңінде.

Сондай-ақ, аудан көлемінде балабақша салу, бірнеше мектепті жөндеу, Майқайың кентін абаттандыру, мәдениет және өнер нысандарын дамыту жұмыстары жалғастырылатыны айтылды.

Облыс әкімі жүзеге асырылып жатқан бастамалардың бәрі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

– Біз атқарып жатқан іс тек құжат түрінде емес, оның нақты пайдасын халық сезінуі керек. Сондықтан жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде жалғасатын болады, – деді Асайын Байханов.

Әкім ауданның дамыту жолында демеушілік көрсетіп келе жатқан кәсіпорындар мен өңір жанашырларына алғыс айтты. Ауданның қарқынды дамуына қарамастан, аудан басшылығы алдында әлі де өзекті мәселелер бар. Олар: халық санын арттыру, сырттан қоныс аударушыларды тарту, жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа шақыру және инвестиция көлемін ұлғайту. Бұл бағыттар өңір әкімінің тікелей бақылауында болмақ.