Баянауылда ұлттық парк аумағындағы жер мәселесі талқыланды
Бұл жайлы прокуратура бастамасымен ұйымдастырылған кәсіпкерлермен кездесу барысында айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданы прокуратурасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында аудан прокуроры Руслан Бердисбаевтың төрағалығымен аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік кірістер басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және өзге де мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен аудан кәсіпкерлерімен кездесу өтті.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты - кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдайлар қалыптастыру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелерін талқылау, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру, сондай-ақ бизнес субъектілерінің мүдделеріне қатысты өзекті мәселелерді қарастыру болды.
Кездесу барысында ұлттық парк аумағындағы жер мәселесі және бизнеске қатысты сауалдар көтерілді. Мәселен, кәсіпкерлер кәсібін дамыту үшін ұлттық парктен жер алу жайын тілге тиек етті. Нәтижесінде негізгі жоспар бекітіліп, мамыр айында жерді жалға беру бойынша байқау өтетін болды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер тарапынан қойылған өзге де сұрақтарға тиісті мемлекеттік органдар өкілдері жан- жақты түсіндірмелер берді. Бұдан бөлек, бизнес иелері қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын бірқатар мәселелені көтеріп, оларды шешу жолдары қарастырылды.