Баянауылда бұрын-соңды болмаған спорт кешені салынды

Оның ашылуын тұрғындар асыға күткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көпсалалы функционалды кешеннің құрылысы бір жарым жыл бұрын басталған болатын. Екібастұздық мердігер «Гидропром» ЖШС барлық жұмыстар сапалы орындалды деген сенімде.
Енді баянауылдықтар спортың 15 түрі бойынша денелерін шынықтырып, жаттыға алады. Жаңа спорт кешеніндегі төрт жолағы бар 25 метрлік бассейнге балаларға 7 жастан бастап баруға рұқсат беріледі. Әр топта 10 баладан жаттығады.
– Жүзу спорты, волейбол, баскетбол спорттары қосылады. Осы ғимаратта олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылды. Бокс, күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі де бар, – деді Баянауыл балалар мен жасөспірмдер спорт мектебінің басшысы Асхат Жапаров.
Оның сөзінше, Баянауыл ауданында күрес, волейбол мен футбол спорты өте қарқынды дамыған. Мысалы, биыл волейболдан ер балалар командасы Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы атанса, бокстан Азия чемпионатында Нұрислам Тасмағамбетов жеңімпаз болып, көк Туды желбіретті. Бүгінде спортшылар арасында 50 бала спорт шеберіне үміткер.
–2009 жылы салынған спорттық кешенде жаттығу үшін орын аз болып еді. Ол жерде ойын залдары, бассейн болған жоқ. Тек бокс пен күрестен жаттығулар өтетін, – деді Асхат Жапаров.
Облыс әкімі Асайын Байханов «Bayanaul arena» заманауи дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысып, жергілікті тұрғындарға берген уәденің орындалғанын алға тартты.
– Біз халыққа берген сөзімізді міндетті түрде әрдайым орындауға тырысамыз. Соның бірі осыдан екі жыл бұрын балаларымызға уәде еткен «Bayanaul arena» спорт кешенінің салтанатты ашылуы. Қымбатты жерлестер, Баянауылдың дамуына зор үлесін қосып жүрген барша ел азаматтарына бас иіп, шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа спорт кешені әлемге танымал жас майталмандарды тәрбиелейді деп үміттенеміз. Бұл нысан салауатты өмір салтын насихаттап, үлкені мен кішісіне қызық пен қуаныш әкелетін орталыққа айналсын. Спорт шаңырағы берекелі болсын! – деп құттықтады аймақ басшысы.
Баянауыл ауданының құрметті азаматы Мұрат Рахметов облыс әкіміне алғысын білдіріп, келешек ұрпаққа осындай ғимараттар қаншалықты керек екендігін жеткізді.
– Осы сияқты кешендер келешекте кезек-кезегімен өзінің орнын алып, сәулетті де заманауи сұранысқа ғимараттармен Баянауылымыздың бетпердесі көркейе берсін. Жасөспірім, жеткіншектер, ағаларыңыздың тапсырып отырған спорт кешені сіздерге аманат. Келешекте осы сияқты әлемдік деңгейдегі спорт кешенінде жақсы тәрбие алып, денелеріңді шынықтырып, мықты әлемдік деңгейдегі спорт шеберлері көп шығуына тілектеспін, – деді Мұрат Рахметов.
Айта кетейік, «Bayanaul arena» заманауи дене-шынықтыру сауықтыру кешенінде волейбол, қазақ күресі, грек-рим күресі, еркін күрес, белбеу күресі, дзюдо, бокс, үстел теннисі, садақ ату, тоғызқұмалақ, футбол, баскетболмен айналысуға болады. Ашық ауада серігуді ұнататын жандар үшін ойын алаңдары қарастырылған.