Баянауылда туристік маусымда құтқару күштері күшейтіліп, қайғылы оқиға тіркелген жоқ

Баянауылда туристік маусымда құтқару күштері күшейтіліп, қайғылы оқиға тіркелген жоқ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Туристік ағын өткен жылмен салыстырғанда шамамен 75 пайызға артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл Баянауыл ауданына 300 мыңнан астам турист келді. Оның шамамен 180 мыңы Жасыбай көлінің демалыс аймағында болған. Келушілер санының өсуіне байланысты аудандағы қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. Нәтижесінде шомылу маусымы кезінде Баянауылда судағы жазатайым оқиғаның соңы адам өліміне әкелетін факт тіркелген жоқ.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаевтың айтуынша, 2026 жылы Баянауыл ауданында алғаш рет тұрақты негізде жеке құтқару бөлімшесі құрылды. Бөлімшеге 10 штаттық бірлік қарастырылды. Шомылу маусымы кезінде құтқару күштерін күшейту үшін Семей қаласындағы 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де қосымша тартылды.

– Құтқару инфрақұрылымын дамыту мақсатында Жасыбай көлінің жағалауында модульдік құтқару станциясы салынды. Нысан демалушылар көп шоғырланатын аумақта жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Думан Қыдырмоллаев.

Маусым бойы құтқарушылар су айдындарында профилактикалық патрульдеу жүргізіп, демалушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Әсіресе, балаларды суға шомылдыру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау және оларды қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Баянауыл ауданында 44 адам құтқарылды. Олардың 13-і – балалар. Жалпы облыс бойынша шомылу маусымы кезінде 59 адамның өмірі сақталды, оның 15-і кәмелетке толмағандар.

Шомылу маусымы аяқталғанымен, су айдындарындағы профилактикалық жұмыстар тоқтамайды. Күз мезгілінде негізгі назар балықшылардың, шағын көлемді кемелердің иелерінің және су айдындарына жақын аумақта жүрген азаматтардың қауіпсіздігіне аударылады.

Еске сала кетейік, биыл құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуына ерекше көңіл бөлінді. Қосымша катерлер және жүзу мен сүңгуір құралдары алынды. Қазіргі таңда бұл жабдықтардың барлығы құтқарушылардың пайдалануында. Мұндай техникалық мүмкіндіктер су айдындарында жедел әрекет етуге мүмкіндік береді