Баянауылдық көпбалалы ананың басқан текеметі Астанада ұлттық музейде көрсетіледі

Баянауылдық көпбалалы ананың басқан текеметі Астанада ұлттық музейде көрсетіледі
Суретті Гүлназия Жүсіпбаева ұсынды

Ол Орал қаласында өткен «Текемет art» республикалық қолөнершілер фестиваліне жолдама алған, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Urshyk» республикалық бірлестігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға қатысу үшін Гүлназия Жүсіпбаеваға шақырту жіберген. Батыс Қазақстан облысының орталығында өткен іс-шарада қолөнершінің жұмысын Астанада ұлттық музейде  көрсету туралы шешім қабылданған.

 –  Қолөнермен айналысқандықтан, белсенді болуға тырысамын. Өткен жылы Астана қаласында бірлестіктің ашылуы өтіп, фестивальдің өтетіні туралы естідім, – дейді Лекер ауылдық клубының әдіскері Гүлназия Жүсіпбаева.

Ол былтырдан бері «Urshyk» республикалық бірлестігінің облысымыздағы филиалының төрайымы болып жұмыс атқарады. Шебердің айтуынша, бас қалаға өңірімізден сегіз адам қатысқан. Қолөнерлерін көрсеткен соң, бірлестікке мүше болған.

Фестивальге сегіз облыстың өкілдері қатысып, жүн иірген. Жалпы саны 90-ға жуық жүннен басылған зат, басқа да қолөнер бұйымдары көрсетіліп, шеберлік сағаттары ұйымдастырылған.

–   Жол ұзақ болғандықтан, кішкене екі текеметті алып бардым. Ол жерде еліміздің әр өңірінен келген қолөнершілер өздерінің жасаған бұйымдарын жасап көрсетті, – дейді ол.

Ол жүнмен ұршық иіріп, киіз басып, сырмақ сырады. Ою-өрнек салып, текемет тігеді. Қазіргі уақытта қайыспен оюлатып тігу тәсілін үйреніп жүр.

–    Қолөнер шеберлігі бойымда бала кезімнен бар қасиет. Ата-анам қолөнермен айналысты, сол кісілерден дарыған, – дейді ол.

Фестиваль жыл сайын бір рет әр аймақта өткізіледі. Қатысушылар ұлттық киімдер, зергерлік және киізден жасалған бұйымдарын таныстырып, сынға салады.

Бұл жолғы фестивальдің қатысушыларының бұйымдары осы жылдың аяғында Астанадағы ұлттық музейде үш ай көрмеде көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың наурыз айында Ertis музейінде тұңғыш рет «Ұршық FEST» фестивалі өткізілген болатын.