Баянауылдық режиссер-ұстаз: Торғай тұмсығын суласа, көктем ерте келеді

Бұрынғы табиғат тамыршылары Әбдікей амалын «Сиырдың ораза ұстауы» деп те атаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Баянауыл ауданындағы филиалының төрағасы, 40 жыл мәдениет саласында қызмет атқарған мәдениет саласының үздігі, режиссер-ұстаз, сценарист-ақын Мәшім Жамбы ескі жылды аман-есен шығарып салып, жаңа жылды жақсылықпен күтіп алатын әрі наурыз мерекесінің Көрісу күнінен басталған кездегі «Әбдікей» амалы туралы айтып берді.
Көрісу күні әр өңірде әртүрлі аталады. Мысалы, әбдікей, отамалы, көкек және тағы басқа түрлі атаулары бар.
– Амал келгенде жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, көрісіп шығады. Ауыл арасы жақындап, қыстан аман шыққандарына қуанып, бір-бірімен кездеседі. Амандық, саулық сұраса келе «Жыл жақсылығымен келсін!», «Бір жасыңмен!» деп тілек білдіреді, – дейді Мәшім Жамбы.
Осы күндері қардың шеті сөгіліп, еріп, су ағады. Суға торғай шомылатындай болса, жаз ерте шығады деп есептейді. Мардымсыз болса, жаз жәй шығады деп санаған.
– Мұз астындағы судан қанып іше алмаған сиырлар еріген қар суына қанып, қардан шыққан көлденең шөпке тойып, арқасын күнге қақтайды, бірнеше сағат жайылмай тұрады. Міне, бұл «сиырдың ораза ұстауы» деп аталады. Бұрынғы табиғат тамыршылары «сиырдың ораза ұстау» уақытына қарап, қыс аяғы мен көктемнің келуіне болжам жасап отырған, – деді мәдениет саласының үздігі.
Зейнеткердің пайымдауынша, Әбдікей кезінде, яғни таудағы жабайы аңдар төлдейтін уақытта құбылмалы суық ағыс жүреді. Жергілікті жұрт көктемнің шыққан-шықпағанын осы амалдың қалай болуынан-ақ байқаған.
Ел ішінде «Әбдікей өтпей қоймайды. Жақсы өтсе, сол жылы шаруаға жайлы болады. Жаман өтсе, айдың аяғы ұзап, көктемнің күні кейіндеп қалады» деген сөз қалған.