Белгілі павлодарлық журналист «жеті рет өлшеп, бір кесті»

Белгілі павлодарлық журналист «жеті рет өлшеп, бір кесті»
Фото: автор

Қаламгер учаскеге келіп, осынау күні таңдау жасаудың міндет екендігін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазақстанның Құрметті журналисі» Ақмарал Сағынбекова теледидарда 30 жылдан астам жұмыс істеді. Облыстық телеарнаның телебағдарламалары редакциясында бас редактор, директордың орынбасары болды. «Ауыл және адамдар» бағдарламасы көрерменнің сүйікті бағдарламасына айналды.

Референдум учаскесіне ол өзінің жұбайы – «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматовпен бірге келді. Екеуі де «жеті рет өлшеп, бір кесті», өз таңдауын жасады.

- Бүгін керемет атмосфера: Айнала алтын күз, павлодарлықтар көтеріңкі көңіл-күйде, - дейді журналист. – Атом электр станциясын салу идеясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді, біз болсақ шетте қала алмадық – өз пікірімізді бюллетеньде қалдырдық. Бұл біздің демократиялық таңдауымыз. Қазақстандықтар дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.

Тележурналист өткен жылы «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» байқауының лауреаты ретінде танылғанымен де танымал. Жеңістің 60 жылдығына орай Ақмарал Сағынбекова Павел Дубовой, Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық жауынгерлер ерлігі туралы телебағдарламалар топтамасын дайындаған.

Естеріңізге сала кетейік, ел Президенті 2023 жылы АЭС салу туралы мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды.