Биыл Павлодар облысында қай ауылдар таза ауызсумен қамтамасыз етіледі?
Сумен жабдықтау бойынша қолжетімділік 98%-ға дейін ұлғаяды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов сумен жабдықтау саласына 5,3 миллиард теңгеге 6 жоба, ал су бұру бойынша 5,8 миллиард теңгеге 6 жоба іске асатынын айтты.
– Жалпы 11,1 миллиард теңгеге 12 жобаны іске асыру жүргізілуде. 2025 жылға Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 15,4 миллиард теңге сомасына 12 жоба, оның ішінде сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту бойынша 7 миллиард теңге сомасына 7 жоба және су бұру желілерін салу және қайта құру бойынша 8,4 миллиард теңге сомасына 5 жоба мәлімделді,– деді Ержан Иманзайыпов.
Оның сөзінше, бүгінде 352 елді мекеннің ішінен 228 ауыл орталықтандырылған суға қол жеткізе алады. Ал 94 ауылда кешенді блок модульдер орнатылған және төрт ауылда топтық су құбырынан бағандар бар. Қалған 26 елді мекен ұңғымалардан су алады.
– Ағымдағы жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша ауылдық елді мекендердің таза ауызсумен қамтамасыз етілуі 98,2 %-ды құрайды. Баянауыл ауданы Жалғызқайың, Күркелі және Сәтбаев, Павлодар ауданы Қаракөл, Тереңкөл ауданы Қызылтаң, Ақтоғай ауданы Барлыбай ауылдарында су құбырын салу бойынша жобалар іске асырылды. Жыл қорытындысы бойынша барлық жоспарланған су құбырларының құрылысын аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігін 99,3 %-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді,– деп атап өтті Ержан Иманзайыпов.
Десе де, кейбір ауылдарда сумен жабдықтауға қатысты жобаларда тәуекелдер бар. Ақтоғай ауданы Жоламан, Шұға, Жамбыл, Железин ауданы Моисеевка, Тереңкөл ауданы Песчаное ауылдарындағы мердігерлер кестеден біраз қалып бара жатыр. Асайын Байханов аталмыш аудандардың әкімдеріне жүргізіліп жатқан жұмыстарды күшейтіп, барлық салынып жатқан су құбырларын қазанға дейін пайдалануға енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі 2025 жылдың 1 жартыжылдығына дейін Ақсу, Железин, Успен, Тереңкөл аудандарының шағын ауылдарында кешенді блок-модуль орнату керектігі туралы айтты.