Павлодар облысында өрт сөндіру бекеттері көбеюде

Павлодар облысында өрт сөндіру бекеттері көбеюде
Фото: Константин Шелков

Жыл сайын өңірде екі жаңа бекеттен ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарденов мәлім етті.

– Облыс бойынша елді мекендердегі 55 өрт сөндіру бекеті бар. Оларды жергілікті әкімдік күтіп-ұстайды, – деп атап өтті Қайрат Шаймарденов. – Бір ауылдық округте бір өрт сөндіру бекеті болу керек. Ең біріншіден шалғай жатқан ауылдар осындай бекеттермен қамтамасыз етіледі. Ауылдарда бөлімшелердің қызметкерлері келгенге дейін осы өрт сөндіру бекетіндегі жұмыскерлері жұмылдырылады. Қажет кезде адамдарды эвакуациялайды. 

Қайрат Шаймарденовтың сөзінше, өрт сөндіру бекетінде екі адам – жүргізуші мен өрт сөндіруші жұмыс істейді. Сондай-ақ, өрт сөндіру көлігіне альтернативті бөшкесі бар трактор және тағы басқа техникамен қамтылған.

– Биыл Шарбақты ауданының Сосновка ауылында және Успен ауданының Ольгино ауылында өрт сөндіру бекеттері ашылды. Сондай-ақ, жоспардан тыс Железин ауданы Прииртышское ауылында өрт сөндіру бекеті құрылды, – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Оразбек Уалиханов. 

Оның сөзінше, 2024 жылы Баянауыл ауданының Бірлік ауылы, Ертіс ауданының Северное ауылы, Аққулы ауданы Әбілқайыр Баймолдин атындағы ауылда өрт сөндіру бекеттері ашылады. Бүгінде облыс аумағында 55 өрт сөндіру бекетінде  69 түрлі техника, оның ішінде 59 өрт сөндіру техника және 10 бейімделген техника бар.