Былтыр Павлодар облысына 8000-нан астам шетелдік келді
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін облыста екі мыңнан астам шетелдік жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті басапсөз қызметінің мәліметінше, өңірде 8654 шетелдік тұрақты тұрады, оның 6014-і – Ресей азаматтары, 1545-і – этникалық қазақтар.
– 2023 жылдың 12 айында Павлодар облысына полиция органдарына – 8569 шетелдік, алыс шетелдерден – 43, ТМД елдерінен 8526 адам келіп тіркелді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2015 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 121 шетелдікке қатысты елден шығару туралы шешімдер қабылданды, – деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін 490 шетелдік және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 137 жұмыс беруші жауапқа тартылды.
Былтыр ҚР азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен 885 шетелдік қабылданды. Іздестірілген 384 алимент төлемейтін адамның 296-сы, іздеуде жүрген 80 борышкердің 61-і анықталды. Облыстың 95 мыңға жуық тұрғыны жеке куәліктермен және төлқұжаттармен құжатталған.