«Богатырь» разрезінің жүз жылдан кейінгі болашағы қандай болуы мүмкін

«Богатырь» разрезінің жүз жылдан кейінгі болашағы қандай болуы мүмкін
Фото: автор

Екібастұздағы «Богатырь» разрезінің өндірістік әлеуеті әлі де жоғары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазір кен өндіру жұмыстары шамамен 200 метр тереңдікте жүргізіліп жатса, жобалық тереңдік 400 метрге дейін жетеді. Ал кеніш толық игерілгеннен кейін бұл аумақта не болуы мүмкін? Бұл туралы «Богатырь көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак айтып берді.

1985 жылы кәсіпорын 56,8 миллион тонна көмір өндіріп, өндірістік рекорд орнатқан. Бұл көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Бүгінде «Богатырь Көмір» құрамында «Богатырь» және «Северный» атты екі разрез бар. Олардың жобалық қуаты тиісінше жылына 32 және 12 миллион тонна көмір өндіруге есептелген. Кен орнында үш негізгі көмір қабаты бар. Олардың жиынтық қалыңдығы 180 метрге жетеді. Евгений Мастернактың айтуынша, мұндай параметрлер кен орнын Қазақстанда немесе посткеңестік кеңістікте ғана емес, әлемдегі бірегей нысандардың қатарына қосады.

Көмірдің жылу шығару қабілеті шамамен 4000 килокалорияны құрайды, ал ылғалдылығы бес процент дейін ғана. Бұған кен орнының астындағы дренаждық шахталар мүмкіндік береді. Құрғақ көмір шаңдануға бейім болғанымен, оның төмен ылғалдылығы энергетика саласы үшін маңызды артықшылық болып саналады.

Кен өндіру тереңдеген сайын жаңа технологиялардың маңызы артып келеді. 1985 жылғы рекорд шамамен 100 метр тереңдікте жұмыс істеген кезде тіркелсе, бүгінде кен өндіру 200 метрге жуық тереңдікте жүргізіліп жатыр. Ал жобалық көрсеткіш — минус 400 метр.

Осыған байланысты кәсіпорында конвейерлік және циклдік-ағындық технологияларға көшу жалғасуда. Мұндай жүйелер өндіріс орнында жұмыс істейтін адамдардың санын азайтып, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Болашақта автоматтандыру, цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу көзделіп отыр.

Ал Екібастұз көмірінің қоры қазіргі өндіріліп жатқан көлеммен ғана шектелмейді. Евгений Мастернактың айтуынша, бүкіл Екібастұз кен орнындағы расталған көмір қоры сегіз миллиард тоннадан асады. Бұдан да төмен тереңдіктерде көмір қабаттары бар деп есептеледі. Алайда олар толық зерттелмеген. Мұндай қорларды нақты растау үшін терең бұрғылау жүргізіп, керн алып, зертханалық талдау жасау қажет. Кәсіпорын басшысы бұл туралы әзірге тек алыстағы болжам ретінде айтты. Оның пікірінше, кен өндірудің аяқталуына 70, 100, тіпті 200 жыл қажет болуы мүмкін.

- Меніңше, мұнда Еуразиядағы ең ірі жасанды көлдердің бірі пайда болады. Су спортын дамытатын боламыз, — деп әзілдеді Евгений Мастернак.

Қазірдің өзінде разрез аумағындағы үйінділер біртіндеп табиғи өсімдіктермен жабылып келеді. Әдетте мұндай үйінділер 20–30 жыл ішінде көктей бастайды. Екібастұздың қатаң климаты — аптап ыстық, жел және құрғақшылық — бұл процесті қиындатады. Соған қарамастан, кәсіпорын абаттандыру және ағаш отырғызу жұмыстарына да қатысып келеді.