Бозшакөл станциясындағы жолаушылар платформасы ұзартылды
Қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде платформаның ұзындығы 100 метрден астам ұлғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Павлодар облысындағы Бозшакөл станциясында жолаушылар платформасын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтады.
Жоба теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бозшакөл станциясы өңірдегі маңызды теміржол нысандарының бірі саналады. Платформа 2011 жылдан бері жолаушыларды отырғызу мен түсіруге қызмет көрсетіп келеді.
Қайта жаңғырту барысында ескі асфальтбетон жабыны мен тротуар плиткалары алынып, олардың орнына жаңа жабын төселді.
– Инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тактильді плиткалар орнатылып, шатыры бар орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Жоба аясында платформаны ұзарту жұмыстары да жүргізілді. Нәтижесінде оның ұзындығы 144 метрден 246 метрге дейін ұлғайды.
Теміржолшылардың айтуынша, жаңартылған нысан жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартып, станциядағы қауіпсіздік пен жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.