ДКО: Қазақ күресінен ұлттық құрамасы соңғы оқу-жаттығу жиынына кірісті
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақ күресінің 16 балуаны 16 салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақ күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары алдындағы соңғы, яғни алтыншы оқу-жаттығу жиына кірісті.
Қазақ күресінен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Ғани Келдіқұловтың айтуынша, ұлттық құрама мүшелері маңызды дода қарсаңындағы бұл оқу-жаттығу жиынына үлкен жауапкершілікпен келген.
– Бүгін Жекпе-жек спорт кешенінде бастаған оқу-жаттығу жиынымыз 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Көшпенділер ойыны біз үшін ұлттық спорттың бір Олимпиадасы сияқты. Бұл кешенді ойындарға көптеген шетелдік спортшылар келіп, жеңіске жетуге ниетті. Атап айтқанда, соңғы жылдары өзге елдің спортшыларының төл күресімізге деген қызығушылығы артып, отандық балуандарға жоғары бәсеке көрсетуде. Десе де жарыс кезінде балуандарымыздың жеңіс үшін барлық мүмкіндіктері мен шеберліктерін ортаға салатынына сенімдіміз, – дейді Ғани Келдіқұлов.
Еске сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек күндері аралығында өтеді. Ал қазақ күресінің жарысы 9-10 қыркүйек күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді деп жоспарланған.