Екібастұз әкімі сауда және ойын-сауық орталығында тұрғындарды қабылдады

Екібастұз әкімі сауда және ойын-сауық орталығында тұрғындарды қабылдады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екібастұз қаласында «Халық заңгері» акциясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қала әкімі Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында атап өткендей, ол «MaxiMall» сауда және ойын-сауық орталығында тұрғындарды жеке қабылдады. 

– Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер басшыларымен бірлесіп, тұрғындардың жер телімдерін бөлу, абаттандыру, құқықтық тәртіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік салаға қатысты сұрақтарына жауап берілді. Қала бойынша шамамен елуге жуық тұрғын өз мәселелерін айтты, олардың басым бөлігі сол жерде шешімін тапты, ал кейбірі жеке бақылауыма алынды, – деп жазды шаһар басшысы.

Сонымен қатар тұрғындар адвокаттардан, нотариустардан және сот орындаушыларынан тегін заңдық және құқықтық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.