Екібастұз жастары садақ атуды үйренбек

Екібастұз жастары садақ атуды үйренбек
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дәстүрлі оқыту 27 қаңтарда өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Екібастұз қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығы мәлімдеді. 

- «Алтын жебе» - дәстүрлі садақ ату сабағына қаладағы 15-35 жас аралығындағы кез келген тұрғын қатыса алады. Бұл жерде жастар дәстүрлі садақ пен жебенің түрлерімен, садақтың құрылысы мен атау құпияларымен танысып, қауіпсіздік ережелерін меңгеріп, садақты дұрыс ұстау және нысанаға көздеуді үйренеді. Әрі тәжірибелік ату жаттығуларына қатысады, - дейді ұйымдастырушылар.

Соңғы уақытта жастар арасында ерекше қызығушылыққа ие болып, кеңінен дамып келе жатқан садақ ату өнері асқан шеберлікті, дәлдікті әрі сабыр мен төзімді талап етеді. Көздеген жеріне дөп тигізер мерген болу үшін де үлкен еңбек қажет. Бұл дәстүрлі сабақтың да діттеген мақсаты осы.

Садақ атуды екібастұздық жастарға №36 мектеп-лицейдің ұстазы Қайырболат Бейсенбеков үйретеді. Атап өтерлігі, аталмыш білім ордасында садақ ату үйірмесі бар.

Шара 27 қаңтар күні сағат 17:00-де №36 мектеп-лицейінде өтеді.