Екібастұзда белгілі педагогтың мерейтойы аталып өтті
Павлодар облысының Құрметті азаматы Жеңіс Мейірман 80 жасқа толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерейтой иесін Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың атынан құттықтап, өңірдің білім беру саласын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі мен тұтас бір педагогтар шоғырын тәрбиелегені үшін шынайы алғыс білдірілді.
– Жеңіс Шанаққызы көптеген буын ұстаздар үшін тәлімгерлік пен кәсіби абыройдың, мемлекеттік тілге адал қызмет етудің символына айналған. Ол – тек білікті ұстаз әрі басшы ғана емес, мемлекеттік наградалардың иегері, қоғамға еңбегі сіңген тұлға. Ұстаздар қауымы оны зор құрметпен «екібастұздық мұғалімдердің анасы» деп атайды, – деді облыстық білім басқармасында.
Оның өмір жолының отыз жылдан астамы білім беру жүйесімен тығыз байланысты. Әртүрлі деңгейдегі оқу орындарын басқару, дарынды балаларды қолдау, «Зерде» мектебінің ашылуына үлес қосу – оның қажырлы еңбегінің айқын дәлелі. Ол жас мамандарды тәрбиелеп қана қоймай, олардың мамандыққа деген сенімін нығайтып, мектепті, оқушыны және туған тілді ісімен сүюге үйретті.
Сонымен қатар, Жеңіс Шанаққызы қоғамдық қызметке де белсене араласып, мемлекеттік тілді дамытуға, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, әйелдер мен отбасыларды қолдауға, ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосты.
Бүгінде мерейтой иесінің беделі атақ-дәрежемен емес, елдің шынайы құрметімен өлшенеді.