Екібастұзда көпбалалы отбасылар баспаналы болды
Он жылдан астам уақыт баспанаға қолы жеткізе алмай жүрген екібастұздықтар өз үйлеріне қоныстанады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Екібастұзда Мәрденов көшесі, 18 мекенжайындағы тұрған үй пайдалануға берілді. Қала әкімі Аян Бейсекин отбасыларға жаңа пәтердің кілтін табыстады.
– Әр адамның өмірінде есте қаларлықтай маңызды бір оқиға болады. Ол мәселен, баланың дүниеге келуі, бірінші сыныпқа баруы, өз отбасын құруы тәрізді. Бүгін біздің қаламыздың 72 отбасы үшін де осындай күндердің бірі. Бүгін олар жаңа пәтердің кілтін алып, баспаналы болуда. Жаңа үйлеріңіз бірлік пен бақыттың, үйлесімділік пен қуаныштың мекені болсын! – деді Екібастұз қаласының әкімі.
Оның айтуынша, облыс әкімінің қолдауының арқасында Екібастұзда құрылыс қарқыны артып келеді.
– 3-ші және 4-ші тоқсанда тағы екі үй пайдалануға беріледі, алдағы уақытта тағы жеті үй салынады, яғни бұл жүздеген отбасы баспаналы болады деген сөз, – дейді Аян Бейсекин.
Бақытты отбасылардың қатарында 12 жыл кезекте тұрған мүгедек баланың анасы Айнұр Бадаханова бар. Ол кішкентай балаларымен бірге бірнеше жылдар бойы пәтер жалдап келген.
– Менің ойымша, әр адам өз баспанасына ие болғысы келеді. Шынымды айтсам, мен әлі күнге дейін өз бақытыма сене алмай тұрмын. Бүгін бізге жаңа үш бөлмелі пәтердің кілті берілді. Бұл керемет, – деп бөліседі Айнұр Бадаханова. – Адамға өз үйі қауіпсіздік сезімін береді. Мемлекет бізді қолдайтынына өте ризамын. Барлығына отбасылық жайлылық пен бақыт тілеймін!
Жаңа пәтердің иесі Валентина Пальянова да өзінің қуанышымен бөлісуді жөн көрді.
– Бүгін маған бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Мен өте бақыттымын. Бұл күн ұзақ уақыт есте қалатын нағыз мереке. Қала әкімшілігіне үлкен алғысымды білдіремін, – дейді зейнеткер Валентина Пальянова. – Күннен күнге біздің қаламыз көркейіп, келе жатыр. Көптеген абаттандырылған үйлер, балалар және спорт алаңдары салынуда. Жолдар, саябақтар мен алаңдар жөнделуде
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан алты көпбалалы отбасыға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 17 жетім балаға, халықтың әлеуметтік осал топтарына 51 пәтер берілді.
Фото: Екібастұз қаласының әкімдігі ұсынды