Екібастұзда маса мен шіркейге қарсы күрес жүйелі жолға қойылды

Бүгінде жалпы 30 мың гектардан астам аумақ залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз әкімі Аян Бейсекин бұдан үш жыл бұрын қалада маса мен шіркей мәселесі бақылаудан шығып кеткенін, бірақ бүгінде жағдай түбегейлі өзгергенін атап өтті.
– Соңғы үш маусым бойы біз ғылыми топтың ұсынымдарын ескере отырып, жаңа әдістерді кезең-кезеңімен енгіздік, жұмыс жоспарларын нақтылап отырдық. Осы уақыт ішінде жағдайды түбегейлі жақсартуға қол жеткіздік, – деді қала басшысы.
Қазір жалпы 30 мың гектардан астам аумақ залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылған. Бұдан бөлек, дернәсілдердің негізгі ошақтары саналатын су айдындары биологиялық өңдеуден өтуде.
– Биыл халық көп тұратын елді мекендерді де ескеріп, Солнечный және Шідерті кенттерінің аумақтары өңдеу жұмыстарына қосылды, – деп түйіндеді Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, алдағы кезеңге арналған перспективалық жоспар бекітілген. Әкім мердігер ұйымның еңбегін атап өтіп, келесі маусымға нақты міндеттер жүктеді.