Екібастұзда төтенше жағдайларға дайындық пысықталуда

Екібастұзда төтенше жағдайларға дайындық пысықталуда
Фото: Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті

Алғашқы күні жедел әрекет ету жасағының дайындығы мен халықты құлақтандыру жүйесі тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласында 24-26 маусым аралығында азаматтық қорғау басқару органдары мен күштерінің кешенді оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

– Жаттығудың мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюға арналған мемлекеттік жүйенің дайындығын тексеріп, жетілдіру, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Оқу-жаттығудың алғашқы күні жедел әрекет ету жасағы құрамындағы бөлімшелердің саптық байқауы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар электр сиреналары іске қосылып, төтенше жағдай қаупі туындаған кезде халықты хабардар етудің баламалы тәсілдерінің дайындығы тексерілді.

– Бағдарлама аясында қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге және әртүрлі төтенше жағдайлар сценарийлеріне ден қою тиімділігін арттыруға бағытталған екі тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Екібастұз қаласы әкімінің басқару пункттеріне тексеру жүргізіліп, олардың төтенше жағдайлар кезінде жұмыс істеуге дайындығы бағаланды.

Мамандардың айтуынша, үш күндік кешенді оқу-жаттығу азаматтық қорғау қызметтерінің әзірлігін арттыруға және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.