Екібастұздық әйел алаяқтарға үш миллион теңгеге алданып қалған
Алаяқтар тұрғындарды жаңа әдіспен алдауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының 63 жастағы тұрғынына Sim картасының мерзімі аяқталатынын ескертіп қоңырау шалған. Жаңарту үшін хабарламадан кодты көрсету сұралған. Заң бұзушылар бұл арқылы банк қосымшасының жеке кабинетіне кіру кодын алып, әйелге шамамен үш миллион теңге несие рәсімдеген.
Полиция қазіргі уақытта әккі қулар алаяқтықтың жаңа тәсілін ойлап тауып жатқанын ескертеді. Сонымен, абонентке ұялы байланыс операторы қоңырау шалып, Sim картасының жарамдылық мерзімі аяқталғанын хабарлайды. Жаңарту үшін SMS хабарламадағы кодты атау сұралады. Әйтпесе, карта бұғатталады, нөмір жойылады және оны қайта қалпына келтіре алмайды деп сендіреді. Егер адам бұл кодты алаяққа айтса, онда ол өз кабинетіне кіруге рұқсат береді. Әрі қарай, алаяқтар қоңыраулар мен SMS-ті басқа нөмірге немесе Sim картаның виртуалды нұсқасына бағыттайды. Осыдан кейін, банктер несиелік ұйымның жеке кабинетіне кіруді растайтын кодты енгізуді сұрағанда, хабарлама қаскүнемдердің нөміріне жіберіледі.
– Көбінесе алаяқтар қысқа, жасырын немесе шетелдік нөмірлерден қоңырау шалады. Мұндай жағдайлар ақша жоғалту және банк шоттарына, әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге қол жеткізу қаупін тудыруы мүмкін, – деді Павлодар облысы ПД криминалдық полициясының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Ризабек Жанат.
Тәртіп сақшылары өз деректеріңізбен SMS хабарламаларды ешкімге бермеуге кеңес береді.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 652 алаяқтық тіркелген. Оның ішінде 436 – интернет-алаяқтық.