Екібастұздық ару әлеуметтік желідегі әдепсіз сөзі үшін жауапқа тартылды
Енді оның тағдырын сот шешеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Тәртіп сақшылары Екібастұз қаласының тұрғынының өз Instagram парақшасында жариялаған бейнежазбасына ерекше назар аударған. Онда қыз бала әдепсіз сөздерді қолданып, қоғамдық тәртіп нормаларын бұзғаны анықталды.
– Жарияланым авторының жеке басы анықталды. Аталған факті бойынша қызға ұсақ бұзақылық белгілері бойынша әкімшілік материал толтырылды. Жиналған материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Полиция әлеуметтік желілер қоғамдық кеңістік болып саналатынын және онда жарияланатын контент белгіленген мінез-құлық нормаларына сәйкес келуі тиіс екенін еске салады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жарияланымдарға жауапкершілікпен қарап, қоғамдық орындарда да, цифрлық кеңістікте де жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын сақтауға шақырады.