Екібастұздық келіншек күйеуінің тегін алып, жеке куәлігін ауыстыруды ұмытып кеткен
Ол ХҚКО-ға 10 айдан кейін жүгінген, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 жастағы тұрғын халыққа қызмет көрсету орталығына келген кезде ғана құжаттың жарамсыз екендігі туралы білген.
– Тағы бір қала тұрғыны бір жылдан астам уақыт бойы жарамсыз жеке басын куәландыратын құжатпен жүрген, себебі ол қолданылу мерзіміне назар аудармаған. Ол ХҚКО-ға жүгінген кезде ғана бұзушылық бар екенін білген. Оған 7 АЕК - 24150 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Руслан Оразханов.
Полиция қызметкерлері артық ақшалай шығындарды болдырмау үшін азаматтарға өздерінің жеке құжаттарының қолданылу мерзімін үнемі тексеріп отыру қажеттігін ескертеді
– 2023 жылдың 7 айында Екібастұз қаласы полиция басқармасы полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК 492-бабының 2-бөлігі бойынша 765 бұзушылықтың жолын кесті. Егер кейбіреулер мұны уәкілетті органға барып, жеке басын куәландыратын құжаттың жоғалғаны немесе кешіктірілгені туралы мәлімдеуге уақыт болмағандығымен түсіндірсе, енді бірі айыппұл салу түріндегі жауапкершілік туралы білмегенін айтады, – дейді Руслан Оразханов.
Павлодар облысында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрудың 5592 фактісі жойылды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын барлық азаматтардың жеке куәлігі болуға міндетті. Ел азаматының жеке куәлігі азаматтарға 16 жастан бастап 10 жыл мерзімге беріледі.
Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәлігінсіз немесе жарамсыз жеке куәлігі бойынша не тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз 10 күннен 1 айға дейінгі мерзімде тұруы үшін ескертуге әкеп соғады. Осы мерзім өткеннен кейін азамат ҚР ӘҚБтК 492-бабының 2-бөлігі бойынша 7 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.