Екібастұздықтарды 8 наурызбен Жазира мен Жанболат құттықтады
Мерекелік кеште эстрада жұлдыздары өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Өнер» қалалық мәдениет сарайының ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Армысың, ару аналар!» атты мерекелік кеш өтті.
Салтанатты жиында қала әкімі Аян Бейсекин әйелдер қауымын құттықтап, түрлі салада қызмет етіп, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандарды адал еңбегі үшін марапаттады.
– Аналардың бүгінгі қоғамда алар үлесі мол, әрдайым елге тұтқа, ұрпаққа пана болатын жандар — сіздерсіздер. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандар сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін,- деді қала әкімі.
Осынау атаулы мерекелік іс-шарада Екібастұз қаласының өнерпаздары өз өнерлерін паш етіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Мерекелік кештің арнайы қонағы Жанболат пен Жазира ардақты аналарды, аяулы аруларды құттықтап, әсем әндерін орындап, көрерменнің көзайымына айналып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.