Екібастұздың өндірістік ошақтарында әйелдер денсаулығы қалай нығайтылады?

Екібастұздың өндірістік ошақтарында әйелдер денсаулығы қалай нығайтылады?
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының ресми парақшасы

Аманаттықтар өндіріс ұжымдарындағы әйелдердің денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру мәселелерін көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының «Дені сау әйел – салауатты кәсіпорын» пилоттық жобасы аясында Екібастұз 1-МАЭС және «Богатырь Көмір» ЖШС алаңдарында еңбек ұжымдарының әйел өкілдерімен кездесулер өтті. Бұл жобаның негізгі мақсаты – аурулардың алдын алу, әйелдердің денсаулығын нығайту және жұмыс орындарында өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударту.

Партияның Әйелдер қанатының бұл бастамасы кәсіпорын басшылары тарапынан кең қолдау тапты. «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак ұжымның әйел мүшелерімен кездесуде кәсіпорында профилактикалық бағдарламаларды енгізуге дайын екенін жеткізді. Өз қолдауын Екібастұз 1-МАЭС бас директоры Асан Наурызғалиев те білдіріп, қызметкерлердің денсаулығы – кез келген өндірістік ұжымның тұрақтылығы мен тиімділігінің негізі екенін атап өтті. Іс-шараларға «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко қатысып, әйелдердің денсаулығына қамқорлық жасау әрбір кәсіпорынның корпоративтік мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы қажет екенін айтты.

Жобаның спикерлері – медицина ғылымдарының кандидаты, облыстық кардиоорталықтың басшысы Гүлжанат Жақова, онкодиспансердің диспансерлік бөлімінің меңгерушісі Сергей Борисенко және Екібастұз қаласындағы №3 емхананың басшысы Төжжан Қабылтаева болды. Олар жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулардың алдын алудың заманауи тәсілдері, тұрақты медициналық тексерулер мен ерте диагностиканың маңыздылығы туралы айтып берді.